экспорт және инвестицияларға
 

жаңа мүмкіндіктер

Құрылу тарихы

     2003 жылдың 1 тамызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 775 қаулысымен «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ (бұдан әрі – «МТЗО» АҚ) – ұлттық даму институты құрылды. Орталықтың негізгі міндеттері: 

  • әлемдік экономикада Қазақстанның бәсекелестік басымдығын табу мен оны дамытудың негізгі үрдістерін айқындау мақсатында отандық және халықаралық нарықты, экономиканың салалары мен секторларын, түрлі өндірісті талдау
  • инвестициялық жобалардың келешектегі бәсекеге қабілеттілігін, іске асырылуы мен пайдалылығына талдау жүргізу;
  • Қазақстан Республикасындағы экономикалық конъюнктура мен іскерлік климатқа талдау жасау болып табылды.

     «МТЗО» АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін қолдану мен басқару құқығы Қазақстан Республикасы Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне берілді.

     2006 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 286 қаулысымен «МТЗО» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті басқа ұлттық институттармен бірге Қазақстан экономикасының барлық секторында инвестициялық және инновациялық белсенділікті арттыру мен ынталандыру мақсатында ұлттық даму институттарын тиімді корпоративтік басқару қызметін атқару бағытында құрылған «Қазына» орнықты даму қорына (бұдан әрі – «Қазына» АҚ) берілді.

     «Қазына» АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін қолдану мен басқару құқығы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігіне берілді.

     2006 жылдың 27 қарашасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Индустриялық-инновациялық даму саласындағы мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі Мамандандырылған кеңес (№2 отырыс хаттамасы) «МТЗО» АҚ негізінде Экспортты алға бастыру және инвестициялар корпорациясын құру туралы Тұжырымдаманы мақұлдады.

     Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 және 2007 жылдардағы Жолдауларында айтылған шикізаттық емес экспортты сервистік қолдау институтын құру қажеттігі туралы тапсырманы орындау мақсатында «Қазына» АҚ Директорлар Кеңесінің 2007 жылғы 14 қарашадағы шешімімен «МТЗО» АҚ базасында қайта атау жолымен «Экспортты дамыту және алға бастыру корпорациясы» АҚ құрылды (ресми тіркелуі - 2008 жылғы 20 ақпан), кейіннен «Қазына» АҚ Директорлар Кеңесінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі шешімімен «KAZNEX» экспортты дамыту және алға бастыру корпорациясы» АҚ (бұдан әрі – «KAZNEX» АҚ) болып қайта аталды.  
      «KAZNEX» АҚ қызметінің негізгі бағыттары:

  • кәсіпорындардың экспорттық қабілеттілігін дамытуға жәрдемдесу;
  • институционалдық әлеуетті дамыту;
  • қазақстандық өнімдердің экспортын алға бастыру;
  • экспортты дамыту саласында талдамалық зерттеулер жүргізу болып табылды.

     2009 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1100 қаулысымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы «KAZNEX» АҚ акциялары мемлекет меншігіне берілді, ал оны қолдану мен басқару құқығына Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі ие болды.

     2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің (дара акционер)  шешімімен «KAZNEX» АҚ «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ (бұдан әрі – «KAZNEX INVEST» АҚ) болып қайта аталды (ресми қайта тіркелуі - 2010 жылғы 29 сәуір), нәтижесінде қазақстандық шикізаттық емес экспортты дамыту мен алға бастыру міндетімен қоса «KAZNEX INVEST» АҚ ұлттық экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тартумен де айналысатын болды. Бұлайша қайта құру Мемлекет Басшысының 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, экономиканы әртараптандыру процесіндегі шетелдік инвестициялардың рөлін арттыру қажеттігіне байланысты орын алды. 

     «KOTRA» cауда және инвестицияларға ықпалдасу жөніндегі Корея агенттігі, «JETRA» Жапония сыртқы сауда ұйымы, «Austrade» Австралия сауда комиссиясы секілді инвестицияларды тарту жөніндегі шетелдік ұйымдарға ұқсас «KAZNEX INVEST» АҚ-ға қосымша өкілеттіктердің берілуі Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына енген жобаларға шетелдік инвесторларды тартуға және олардың өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттауға мүмкіндік береді.

     2010 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің  №1240 қаулысымен «KAZNEX INVEST» АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін басқару мен пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен Инвестиция комитеті мен Өнекәсіп комитетіне 50%-дық тең үлеспен берілді.